A- A A+
ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
Қыс шанаңды жаз сайла БЖЗҚ зейнетақы калькуляторы

«Қыс шанаңды жаз сайла…»

немесе бiз зейнетке шығуға дайынбыз ба?

«Бейнет түбi — зейнет» демекшi, ұзақ жылдарға созылатын еңбек жолынан кейiн адамдардың зейнеткерлiкке, яғни құрметтi демалысқа шығатыны белгiлi. Бұл шақты ақындар «Алтын күзге», философтар «Даналық кезеңiне» теңейдi. Қалай болғанда да қазыналы қарттық шақ — адам өмiрiндегi ең бiр маңызды кезеңдердiң бiрi. Иә, зейнет жасында ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйiп, солардың қызығына тоймай, шалқып жүргенге не жетсiн!

Бұдан 40-50 жыл бұрын зейнет жасындағы адам барлық iстерден қол үзген, бала-шағасының алдында тыныш қана өмiр сүретiн қарапайым тiршiлiк иесi секiлдi болып көрiнетiн. Бүгiнде жағдай өзгерген: қазiргi зейнеткерлердiң белсендiлiгi жоғары. Бұрын бiз сексеннiң сеңгiрiне шыққан шетелдiк зейнеткерлердiң ел аралап, саяхат жасап жүргенiн көрiп, таң қалатынбыз. Қазiр мұндай үрдiс бiзде де қалыптаса бастады. Демографтардың, психологтардың, әлеуметтанушылардың айтуынша, адамның жасы бiртiндеп жасара түсуде. Бұл феномен әлемдiк сипатқа ие болып отыр.

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы адамның жас ерекшелiктерiнiң шегiн қайта бекiттi: ендi жастық шақ — 25 жастан 44 жасқа дейiн созылады. Одан әрi 44 жастан 60 жасқа дейiнгi кезең — орта жас, 60 жастан 75 жасқа дейiнгi кезең — егде жас және тек 75 жастан 90 жасқа дейiнгi кезең — кәрiлiк немесе қарттық шақ болып есептеледi. Ал одан асқандарды аталмыш ұйым– көп жасаған адамдар деп атайды.

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) Британдық актуарийлер институтымен бiрлесе жасаған есептеулерi бойынша

Қазақстандағы орташа өмiр сүру ұзақтығы (бұл жерде әңгiме нәрестенiң шетiнеуi, жазатайым оқиға салдарынан өлiм-жiтiмдi және басқа да жағдайларды ескере отырып, есептелетiн жалпы статистикалық өмiр сүру ұзақтығы жайында болып отырған жоқ) ерлер үшiн — 80 жасты, әйелдер үшiн — 82 жасты құрады. Бұл жақсы көрсеткiш. Шынында қазiр әлемде өзiнiң жұмысқа қабiлеттiлiгiн, денсаулығын барынша ұзақ сақтап, бос уақыттарын қызықты өткiзуге күш салып жатқандар көп. Бұл жаңа үрдiс Қазақстанда да қоғам мен билiк тарапынан қолдауға ие болып отыр: бiртiндеп ересектер үшiн бос уақыт өткiзу орталықтары ашылып, әлеуметтiк бейiмдеу мәселелерi шешiлуде. Яғни, ұзақ өмiр сүруге, өмiрдi қуанышқа, қызықты оқиғаларға толы жарқын кезеңге айналдыруға мүмкiндiк мол. Ал шын мәнiнде солай болуы үшiн еңбекке араласқан уақыттан бастап, болашаққа қор жинау жағын ойлау керек. Өйткенi зейнет жасында қаржы жағынан қамтамасыз етiлу — болашақ зейнеткерлердi мазалайтын маңызды мәселелердiң бiрi.

Зейнеткерлiкке шығып, бос уақытыңда сүйiктi iсiңмен айналысып, ақшаңды өз мүддеңе жұмсау үшiн, қаржылық «қауiпсiздiк жастығын» жасауға ерте бастан қамдану қажет. Болашаққа қор жинауды қаншалықты ерте бастасаңыз, зейнет жасына дейiн соншалықты қомақты қаржы жинай аласыз. Әрине, қалтаңыз қалың болған сайын, өзiңiзге сенiмдi боласыз және тарықпай өмiр сүресiз. «Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» — деп ұлы Абай айтқандай, бұл үшiн өнiмдi еңбек ету керек.

Салымшылар зейнет жасына дейiн лайықты қаржы жинау үшiн «БЖЗҚ» АҚ инновациялық сервис әзiрлеген болатын. Соның көмегiмен әрбiр салымшы өз бетiмен дербес зейнетақы жоспарын жасай алады. Мұны Қордың enpf.kzсайтының Жеке кабинетiнде пайдалануға болады. Ең алдымен мұнда зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы үзiндi көшiрменi көруге болады. Бұл жерде Сiз жеке деректемелерiңiзге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзе аласыз. Сондай-ақ зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақының болжамды мөлшерiн есептеуге, сәйкесiнше жинақтарыңыз қанша уақытқа жететiндiгiн бiлуге болады.

Зейнетақы калькуляторының екi түрi бар. Бiрiншiсi — ағымдағы зейнетақы калькуляторы деп аталады. Ол зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берiлетiн зейнетақының болжамды мөлшерiн бiлуге болады. Екiншiсi — болжамдық калькулятор. Бұл калькулятор арқылы кез-келген адам болашақта алатын зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн тез арада есептей алады.Ол үшiн Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмiне кiрiп, «Зейнетақы калькуляторы» түймешесiн басасыз. Экранда қарапайым кесте ашылады, оған жасыңызды, жынысыңызды, жалақы көлемiн, жұмыс өтiлiн және зейнетақы жинақтарыңыздың қазiргi сомасын жазу керек. Бағандардың барлығы толтырылған соң, «Есептеу» түймешiгiн басасыз. Сонда «пессимистiк», «реалистiк» және «оптимистiк» деп аталатын үш сценарий бойынша зейнет жасына толған кезде алатын ай сайынғы зейнетақының болжамды мөлшерi анықталады. Бұл ретте калькуляторды Қор сайтының «Жеке кабинетi» арқылы да ашып, пайдалануға болады. Онда тиiстi нысандарға қажеттi сандар автоматты түрде енгiзiледi. Сөйтiп, «Есептеу» түймешiгiн басу арқылы анағұрлым дәл көрсеткiштерге қол жеткiзе аласыз.

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде «Жинақтарды өмiрдi сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет iске қосылды. Сол арқылы өмiрдi сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгi жеткiлiктi сомасын есептеуге болады. Бұл калькулятор ең төменгi зейнетақы мөлшерiн ескере отырып, зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектiгiн есептейдi. Сiз тиiстi бағанда жынысыңызға қатысты мәлiметтi белгiлеген соң, шарт жасасуға қажеттi жас мөлшерi автоматты түрде көрсетiледi. Ол ерлер үшiн — 55 жас, әйелдер үшiн биыл — 51 жас. Одан әрi кепiлдi мерзiмдi белгiлейсiз. Бұл осы мерзiм iшiнде сақтандыру компаниясынан төлемдердi тұрақты алып тұруға ниет бiлдiргенiңiздi бiлдiредi. Әрi қарай калькулятор ағымдағы жыл бойынша ең төменгi зейнетақы мөлшерiн ескере отырып, зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектiгiн есептейдi.

Жеке кабинетiңiздiң төмен жағында зейнетке шығу уақытыңызды есептейтiн таймер орналасқан. Ол жылды, күндi, минутты, тiптi секундқа дейiн көрсетедi. Бұл көрсеткiш зейнетке дейiн қанша уақыт қалғанын аңғартады. Яғни, сол арқылы жинақтарыңыздың лайықты зейнетақы алуға жеткiлiктiлiгiн көруге, егер жеткiлiктi болмаса, қанша мөлшерде жарна аударып тұру керектiгiн есептей аласыз. Бұл жерде ерiктi зейнетақы жарналарын аударып тұру — болашақта алатын зейнетақыңызға елеулi түрде қосымша қаражат болады. Зейнетақыны жоспарлау деген осы. Зейнет жасында балаларға масыл болмай, лайықты өмiр сүргiсi келген адам зейнет жасына дейiн қанша көлемде ақша жинау керектiгiн ерте бастап ойластырады.

БЖЗҚ өз кезегiнде барлық жағдайды жасауға және зейнетақы капиталын қалыптастыру жолында сенiмдi кеңесшi, көмекшi болуға қашанда дайын. «Зейнетақы калькуляторы» қызметiмен Қор сайтынан мына сiлтеме арқылы толығырақ танысуға болады:

https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php

Мақаланың шыққан күні: 07.06.2019 17:56
Парақтағы соңғы өзгерістер: 07.06.2019 17:56
Қаралым саны: 863

Бейнегалерея

 

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Пошта мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Шортанды ауданы,Шортанды кентi, Абылайхан көшесi 20, 021600

Аудан әкiмiнiң қабылдау бөлмесi: 8 (71631) 2-12-13

Aудан әкiмi аппаратының басшысы: 8 (71631) 2-11-45

Әдеп жөнiндегi уәкiлi: 8 (71631)2-18-31

Қабылдауға жазылу: 8 (71631) 2-15-18

Электронды пошта мекенжайы: shortandy_kanz@akmo.kz