A- A A+
ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
«Бес сұрақ» айдары

Мен шет ауылда тұрамын, аудан орталығы алыста. Мен секiлдiлерге зейнетақы қызметтерiн қолжетiмдi ету үшiн Қорда қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

Бүгiнде елiмiздiң шалғай аудандарында Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының «Мобильдiк кеңсе» деп аталатын жобасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба шалғайда орналасқан елдiмекендер мен бөлiмшелерi жоқ аудандардың тұрғындарын зейнетақы қызметтерiмен толыққанды қамту мақсатында қолға алынған. Соған сәйкес Қор филиалдарының мамандары халықтың әр түрлi әлеуметтiк осал топтарымен жұмыс iстейдi. Олардың арасында қандай да бiр себептермен кеңсеге келе алмайтын адамдар да бар. Жоба аясында қызмет көрсету үшiн шағын автобус пайдаланылады. Ол жерсерiктiк байланыс құралдары және басқа да қажеттi заманауи техникалармен жабдықталған. Автобустың салонында операторларға арналған екi автоматтандырылған жұмыс орны мен келушiлерге арналған екi орын бар. Кезек күтушiлер үшiн тағы үш адамдық орындық қойылған. Бұл көлiктi барлық қызметтердi онлайн тәртiбiнде көрсететiн өзiндiк бiр жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы деп атауға болады. «Мобильдiк кеңсе» қызметкерлерi бiр сапар барысында орта есеппен 60-қа жуық салымшыға қызмет көрсетелдi. Қызмет түрлерiн атап айтар болсақ: ерiктi зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу, шоттың жай-күйi туралы хабарлау тәсiлiн өзгерту, шоттан үзiндi көшiрме беру, жеке деректемелерге өзгерiстер енгiзу, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару жөнiнде өтiнiш қабылдау секiлдi қызметтер.

«Мобильдiк кеңсенiң» жолға шығуы арнайы жоспар бойынша жүзеге асырылады. Оның жүру бағыттары жергiлiктi әкiмдiкпен алдын ала келiсiледi және тұрғындар оның келу уақытын алдын ала бiлiп отырады. Өйткенi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру таратылады. Бұл ретте жергiлiктi атқарушы органға хабарласып, елдi мекенiңiздi жоспарға енгiзу жөнiнде өтiнiш беруiңiзге де болады. Әзiрге үш «Мобильдiк кеңсе» Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында жұмыс iстеп жатыр. Биыл жыл соңына дейiн тағы 10 облыс қамтылатын болады.

Одан басқа шалғай елдiмекендердi зейнетақы қызметтерiмен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ пен «Қазпошта» АҚ бiрлескен жобаны iске қосты. Соған сәйкес зейнетақы қызметтерi «Қазпошта» АҚ бөлiмшелерi арқылы көрсетiледi.

Осылайша экономикалық тұрғыдан белсендi халқының саны 2 мыңнан асатын 94 елдiмекеннiң тұрғындары зейнетақы қызметтерiн ұлттық пошта байланысы операторы арқылы алуға қол жеткiздi. Атап айтар болсақ, бұл ауылдар мен кенттердiң тұрғындары Қазпошта бөлiмшелерiнде мынадай қызметтердi алады:

•салымшының (алушының) қосымша деректемелерiн (жеке куәлiгiнiң нөмiрi, телефон нөмiрi, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтiнiш беру;

•хабарлау тәсiлiн өзгерту (белгiлеу) (оның iшiнде «БЖЗҚ» АҚ электрондық форматтағы қызметтерiне қол жеткiзу) туралы келiсiмге қол қою.

Мүмкiндiгi шектеулi азаматтар Қор қызметтерiн қалай алады?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарын, оның iшiнде әсiресе мүмкiндiгi шектеулi жандарды зейнетақы қызметтерiмен қамту мәселесiне ерекше көңiл бөледi. Осы мәселенi шешу мақсатында «Мобильдiк агент» жобасы iске қосылған. Соның аясында Қор қызметкерлерi қандай да бiр себеппен, бiрiншi кезекте денсаулығына байланысты БЖЗҚ кеңсесiне келе алмайтын салымшылардың үйiне өздерi барып қызмет көрсетедi.

Бүгiнде аталмыш жоба Қордың барлық 18 филиалында жүзеге асырылады. Бұл ретте мүмкiндiгi шектеулi жандар Қор қызметкерлерiн үйге шақыру үшiн enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Халықтың әлеуметтiк осал топтары үшiн электрондық өтiнiш беру» бөлiмi арқылы немесе Байланыс орталығының 1418 тегiн телефон нөмiрiне хабарласып, өтiнiш бере алады. Бұдан кейiн «БЖЗҚ» АҚ қызметкерi өтiнiш берушiге хабарласып, кездесу уақытын белгiлейдi.

«Мобильдiк агент», яғни Қордың маманы барлық керектi құралдармен жабдықталған. Сапарға шыққанда өзiмен бiрге ноутбук, құжаттарды сканерлейтiн әрi басып шығаратын принтер және 4G-модемi бар құрылғыны алып жүредi. Солардың көмегiмен салымшыға қажет құжаттар лезде дайындалады.

Қауiпсiздiктi сақтау мақсатында Қор қызметкерлерi салымшыларға алдын ала телефон шалып, келу уақытын хабарлап қояды. Олардың әрқайсысында қызметтiк куәлiгi бар. Егер сонда да күмәнданатын болсаңыз, Қордың байланыс орталығына хабарласып, маманның аты-жөнiн нақтылауыңызға болады.

Жұмыс берушi қандай уақытта жұмыс берушiсi үшiн мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын төлеуге мiндеттi?

Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары жұмыскердiң ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерiнде белгiленген. Бұл жарналарды жұмыс берушiлер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерiнiң пайдасына өз қаражаты есебiнен төлейдi.

Еңбек жағдайлары зиянды кәсiптер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекiтiлген Тiзбеде көрсетiлген. Егер, еңбек өнiмдiлiгi жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндiрiстiк нысандарды аттестаттау нәтижесiмен расталса, жұмыс берушiлер мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 18 қыркүйектегi № 984 қаулысымен бекiтiлген Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларының (Зейнетақы қағидалары) 10 тармағына сәйкес МКЗЖ есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) бекiтiлген. Ол «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында көзделген құқықтарды, мiндеттер мен жауапкершiлiктi, сондай-ақ БЖЗҚ-ның, МКЗЖ аударылатын жеке тұлғаның (МКЗЖ есебiнен зейнетақы төлемдерiн алушының) және агенттiң арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшелiктерiн белгiлейдi.

Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары табыстар алынған айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрiлмей Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленедi. Арнайы салық режимiн қолданатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлер бұл жарналарды Қорға елiмiздiң салық заңнамасында көрсетiлген тәртiпте аударады.

Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының толық және уақытылы төленуiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк кiрiс органдары жүзеге асырады.

Мен тұңғыш рет жұмысқа орналасайын деп жатырмын. Жұмыс берушiм зейнетақы жарналарын аудару үшiн Қорға барып, зейнетақы шотын ашудың керегi жоқтығын айтты. Шынымен солай ма? Мүмкiн менiң жұмыс берушiм жарналарды аудырғысы келмейтiн шығар?

Сiздiң жұмыс берушiңiз дұрыс айтады. 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-да мiндеттi зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу үшiн Қор кеңсесiне келiп өтiнiш берудiң қажетi жоқ. Ендi алғашқы жарна келiп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесiнде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлға жарна аудару кезiнде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетiлген дербес деректер (тегi, аты, әкесiнiң аты, жеке сәйкестендiру нөмiрi, туған күнi) бойынша сәйкестендiрiледi. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерi бойынша қажеттi мәлiметтердi Қор мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiнен алатын болады. Сол үшiн Сiзге уайымдаудың қажетi жоқ. Алайда мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшiн Қор кеңсесiне келу керек. Ал ерiктi зейнетақы жарналарын есепке алу үшiн жеке зейнетақы шотын Қор кеңсесiне келгенде немесе үйде отырып-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегiмен Қор сайты арқылы ашуға болады.

Мен бiлiм саласының ардагерiмiн. Жалақым жоғары болған емес. Көп ұзамай зейнеткерлiкке шығамын. Болашақ зейнетақымның болжамды мөлшерiн бiлуге бола ма?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тұрғындарға көрсетiлетiн қызмет сапасын жақсарту мақсатында инновациялық қызмет iске қосылған. Соның көмегiмен әрбiр салымшы өзiнiң дербес зейнетақы жоспарын Қордың enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде жүзеге асыра алады.

Қор сайтында екi зейнетақы калькуляторы орналастырылған. Оның бiрi — «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» деп аталады.Ол таяу жылдары зейнеткерлiкке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берiлетiн зейнетақының болжамды мөлшерiн анықтауға болады.

Екiншiсi — «Болжамдық зейнетақы калькуляторы». Сол арқылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар да, бүгiнгi жас мамандар да болашақта алатын зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептей алады. Сонымен қатар бұл калькулятор зейнетақының қандай төлемдерден құралатындығын, табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда оның болжамды көлемiнiң қандай болатындығын көрсетiп бередi.

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде «Жинақтарды өмiрдi сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет iске қосылды. Сол арқылы өмiрдi сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгi жеткiлiктi сомасын есептеуге болады.Болжамды калькуляторға болашақ зейнетақыны есептеу үшiн: туған күнi, жынысы, еңбек өтiлi, жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi, жинақтардың ағымдағы сомасы және айлық жалақы мөлшерi секiлдi барлық қажеттi деректердi енгiзу қажет. Содан кейiн «Есептеу» түймешiгiн басамыз.

Бiр айта кететiн жәйт, егер болжамды калькуляторды сайттың Жеке кабинетi арқылы ашатын болсаңыз, онда нысандар автоматты түрде толтырылады. Сөйтiп, «Есептеу» түймешiгiн басу арқылы анағұрлым дәл көрсеткiштерге қол жеткiзуге болады.

Салымшы егер қаласа Қордың кез келген бөлiмшесiне жүгiне алады. Бұл ретте жеке басты куәландыратын құжат керек. Қорда өткен жылдан берi дербес кеңес беру қызметi жүзеге асырылып келедi. Бiздiң мамандар болашақ зейнетақыны қалай есептеудi және оның мөлшерiн арттыру жолдарын түсiндiредi.

Мақаланың шыққан күні: 22.05.2019 16:35
Парақтағы соңғы өзгерістер: 22.05.2019 16:35
Қаралым саны: 730

Бейнегалерея

 

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Пошта мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Шортанды ауданы,Шортанды кентi, Абылайхан көшесi 20, 021600

Аудан әкiмiнiң қабылдау бөлмесi: 8 (71631) 2-12-13

Aудан әкiмi аппаратының басшысы: 8 (71631) 2-11-45

Әдеп жөнiндегi уәкiлi: 8 (71631)2-18-31

Қабылдауға жазылу: 8 (71631) 2-15-18

Электронды пошта мекенжайы: shortandy_kanz@akmo.kz