A- A A+
ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
5 сұрақ айдары. Қазан

1. Менiң ұлым он жылдан астам уақыттан берi РесейдiңЧелябинск қаласында тұрады. Қазiр мен де Ресейге қоныс аударуды ойластырып жүрмiн. Ендеше Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ ақшамды қалай алсам болады?

Егер Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ, Қор) мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары және ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен жинақтарыңыз болса, Қазақстан Республикасынан тысқары жерге қоныс аударуыңызға байланысты оларды толық мөлшерде алуыңызға құқыңыз бар.Бұл ретте Қорға құжаттарды тапсырудың мынадай тәсiлдерi ұсынылады:

- Қор бөлiмшесiне тiкелей келiп өтiнiш жасау;

- пошта байланысы;

- үшiншi тұлға (сенiм бiлдiрiлген тұлға) арқылы. Бұл ретте құжаттар сенiм бiлдiрiлген тұлға Қор кеңсесiне келген жағдайда ғана қабылданады.

Есiңiзде болсын, Сiз Қорға өтiнiш жасамай тұрып, шетелге тұрақты тұруға кетуiңiздi ресми түрде рәсiмдеп алуыңыз керек. Бұл зейнетақы заңнамасының талабы.

Егер шетелге бiржола қоныс аударатындар жинақтарын алу үшiн Қор бөлiмшесiне өздерi келiп өтiнiш жасаса:

1) БЖЗҚ iшкi құжатымен бекiтiлген нысан бойынша толтырылған өтiнiштi;

2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiк паспорттың көшiрмесiн және салыстырып тексеру үшiн түпнұсқасын (Ресей Федерациясы азаматының iшкi паспорты жарамайды);

3) алушының банк шоты туралы мәлiметтердi ұсынады.

Өтiнiш сенiм бiлдiрiлген тұлға арқылы ұсынылса, жоғарыда аталған құжаттарға қоса үшiншi тұлға мына құжаттарды тапсырады:

1) нотариат куәландырған сенiмхаттың түпнұсқасы немесе оның нотариат куәландырған көшiрмесi;

2) үшiншi тұлғаның жеке басын куәландырушы құжаттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы.Бұл ретте алушының жеке басын куәландырушы құжат нотариат арқылы куәландырылады.

Алушының өтiнiшi пошта байланысы арқылы жолданған жағдайда, алушының жеке басын куәландырушы құжаттың көшiрмесi мен өтiнiштегi қолы нотариат арқылы куәландырылады.

Зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерiн алушының өтiнiшiнде көрсетiлген банк шотына аударады. Егер алушының шоты Қазақстан аумағында жұмыс iстейтiн екiншi деңгейдегi банкте/жекелеген банк операцияларын орындайтын ұйымда ашылса, зейнетақы төлемдерi ұлттық валюта — теңгемен аударылады. Ал егер алушының шоты Қазақстан аумағынан тыс жердегi шетелдiк банктерде ашылған болса, АҚШ долларымен, евро, фунт стерлинг немесе ресейлiк рубльмен аударылады.

БЖЗҚ-ның www.enpf.kz веб-сайтында БЖЗҚ-ға ұсыну тәсiлiне қарай құжаттар тiзбесi (өзi келiп өтiнiш жасау, пошта байланысы/үшiншi тұлға арқылы), оларды рәсiмдеуге қатысты талаптар, өтiнiш бланкалары мен оларды төлем валютасының түрiне қарай толтыру үлгiлерi, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың түсiндiрмелерi орналастырылған және олар үнемi жаңартылып отырады.

Егер шетелдiк паспортты алу барысында алушының жеке деректемелерi, нақты: тегi, есiмi, әкесiнiң аты (әкесi бар болса) немесе туған күнi өзгеретiн болса, Қорға жоғарыда аталған құжаттарға қоса төменде көрсетiлген құжаттардың түспнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi ұсынылуы тиiс:

1) Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органының анықтамасы;

2) шетелдiк мемлекеттiң уәкiлеттi органының анықтамасы;

3) тегi/есiмi/әкесiнiң аты өзгергенi туралы куәлiк/анықтама;

4) некенi қию/бұзу туралы куәлiк.

Бұл құжаттар шетелдiк құжаттарды рәсiмдеу талаптарына сай жасалуы және жоғарыда аталған төрт деректеменiң өзгергендiгiн растауы тиiс.

Еске саламыз, Минск және Кишинев конвенциясына сәйкес ТМД елдерiнен келген құжаттар заңдастырусыз және апостиль мөрiнқоюсыз қабылданады.

2. Менiң зейнетке шыққаныма екi жыл болды. Таяуда жұмыс берушiмнiң зейнетақы қорындағы шотыма мiндеттi зейнетақы жарналарын аударғаны туралы құжат тауып алдым. Ендi Қордағы бұл жинақ ақшаны қалай алуға болады?

2018 жылдың қазанында зейнетақы қызметтерiнiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында зейнетақы төлемдерiн «Бiр терезе» қағидасы бойынша жүзеге асыру үшiнКомпозиттiк қызмет iске қосылды. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттiк зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) мен зейнетақы қорындағы жинақтары есебiнен берiлетiн төлемдердi «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсiмдейдi. Бұған дейiн жинақ ақшасы есебiнен төлемдердi алу үшiн Қорға жүгiнетiн.

Сiз бюджеттен алатын зейнетақыларыңызды рәсiмдеп, Қор төлемдерi бойынша өтiнiш жасамағансыз. Ендi БЖЗҚ төлемдерiн алу үшiн Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгiнiп, өтiнiш беруiңiз керек. Оған қоса жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшiрмесi мен салыстыру үшiн түпнұсқасын және банк шотыңыз туралы мәлiмет ұсынасыз. Сонда зейнетақы жинақтарыңыз есебiнен төлемдердi мемлекеттен алатын зейнетақымен бiр мезгiлде алып отыратын боласыз.

3. Осыдан екi апта бұрын Талдықорған қаласынан Алматы қаласына көшу барысында БЖЗҚ-дан берiлген зейнетақы туралы шартты жоғалтып алдым. Оны қалай қалпына келтiруге болады? Оған ендi жаңа мекенжайымды енгiзуiм керек пе?

Қазiргi уақытта Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың орнына жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтiнiштiң көшiрмесi (телнұсқасы) берiледi. Оны алудың екi жолы қарастырылған:

1)Қордың жергiлiктi бөлiмшесiне жеке басыңызды куәландыратын құжатпен өзiңiз келiп ЖЗШ ашу жөнiндегi өтiнiштiң көшiрмесiн алуға өтiнiш бiлдiресiз. Қор бөлiмшелерiнiң мекенжайлары оның ресми сайтында көрсетiлген.

2) Қордың enpf.kzресми сайтының «Жеке кабинет» бөлiмi арқылы «ЖЗШ шоттар жөнiнде анықтама алу/ЖЗШ шотын ашу туралы өтiнiш/жаңа редакциядағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт» нысанынан электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзектi кiлтi арқылы алуға болады.Сонымен қатар өтiнiштiң көшiрмесiн Қор сайтының «Жеке кабинет» бөлiмi арқылы логин және құпия сөздiң (пароль) көмегiмен де алуға болады. Қазiр логиннiң орнына жеке сәйкестендiру нөмiрi (ЖСН) пайдаланылады.

Мекенжайдың өзгеруiне қатысты айтарымыз, салымшы Қордың өз мiндеттемелерiн орындауына әсер ететiн барлық өзгерiстер жайлы Қорға он жұмыс күнi iшiнде хабарлауға мiндеттi.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттемелерiн орындауына әсер ететiн өзгерiстер: БЖЗҚ дерекқорында көрсетiлген мекенжайдың, электрондық поштаның (e-mail), ұялы телефонның нөмiрi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiште көрсетiлген банк деректемелерiнiң өзгеруi.

Өзгерiстер туралы Қорға жеке басын куәландырушы құжатпен барғанда; пошта байланысы немесе электрондық пошта (жеке басын куәландырушы құжаттың көшiрмесiн қоса отырып, тегiн, есiмiн, әкесiнiң атын (бар болса) туған күнiн, жеке сәйкестендiру нөмiрiн (ЖСН) көрсетедi) арқылы хабарлай алады. Не болмаса электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып (ЭЦҚ) www.enpf.kz сайтының Жеке кабинетi және «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмi арқылы өзгерте алады.

4. Мен банктен кредит алған едiм. Қазiр төлеу мерзiмiн өткiзiп алдым. Банк сотқа арызданбақшы. Менiң бiлгiм келетiнi, жеке зейнетақы шотымдағы қалдық ақша мен оның қозғалысы туралы анықтама кiмдерге берiледi?

БЖЗҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 57-бабына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпия сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының құпиясы салымшының өзiне және оның заң бойынша рәсiмдеген жазбаша келiсiмi бойынша кез келген үшiншi адамға ашылуы мүмкiн.

Сонымен жеке зейнетақы шоттарындағы ақша сомасы және оның қозғалысы туралы анықтамалар:

1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына -олардың жүргiзуiндегi қылмыстық iстер бойынша;

2) соттарға -сот ұйғарымының негiзiнде олардың жүргiзуiндегi iстер бойынша;

3) сот орындаушыларына -сот орындаушысының прокурор санкциялаған

қаулысы негiзiнде олардың жүргiзуiндегi атқарушылық құжаттар бойынша;

4) мемлекеттiк кiрiс органдарына -мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есебiне жазуға) байланысты мәселелер бойынша;

5) уәкiлеттi органға -салымшының (алушының) өтiнiшiне байланысты не оның Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерiктi жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiне тексерудi жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша;

6) прокурорға -оның қарауындағы материал бойынша өзiнiң құзыретi шегiндe тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде;

7) қаржы мониторингi жөнiндегi уәкiлеттi органға;

8) салымшының (алушының) өкiлдерiне-нотариат куәландырған сенiмхат немесе сот шешiмiнiң негiзiнде;

9) Мемлекеттiк корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) -салымшының (алушының) өтiнiшi негiзiнде мемлекеттiкқызметтер көрсету үшiн;

10) орталық атқарушы органға — салымшының (алушының) өтiнiшiне байланысты туындаған мәселе бойынша;

11) Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерiктi жинақтаушы зейнетақы қорының жыл сайынғы мiндеттi аудитiн жүргiзетiн аудиторлық ұйымдарға берiлуi мүмкiн.

Ал зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәлiметтердi жоғарыда аталған жағдайларды қоспағанда, жария етуге құқығы жоқтар жария еткенi үшiн жауапқа тартылады. Сонымен қатар қайтыс болған салымшылардың заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагерлерi мұра қалдырушының зейнетақы шотының бар болуы, онда қанша ақша бар екендiгi және оның қозғалысы туралы анықтаманы Қорға жазбаша сауал жолдау арқылы алуға құқы бар. Бiрақ бұл үшiн оларда Мұрагерлiк құқығы туралы куәлiгi болуы керек. Бұдан басқа мұндай анықтама соттарға да олардың жүргiзуiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.

Тағы бiр айта кететiн жәйт, салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда жеке зейнетақы шотының бар-жоғы туралы, ондағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамаларнотариустарғажәне шетелдiк консулдық мекемелерге олардың жүргiзуiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.

5. Менiң атам кәрiлiк салдарынан ақыл-есiн жоғалту ауруына шалдығып, ауруханада жатыр. Мен оның қамқоршысымын. БЖЗҚ-дан оның шоты бойынша үзiндi көшiрме алсам деп едiм. Бұл үшiн құжаттар тапсыру керек?

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 26-бабына сәйкес психикалық аурулар немесе кемақылдылық салдарынан өз әрекетiнiң мәнiн түсiнбейтiн немесе өзiн басқара алмайтын азаматты сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп тануы мүмкiн. Осыған байланысты оған қамқоршы тағайындалады. Ол iс-әрекетке қабiлетсiз адамның атынан мәмiле жасауға құқылы. Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан салымшы мен алушының (инвестициялық табысты ескере отырып) зейнетақы жинақтары туралы ақпарат мына құжаттар ұсынылған жағдайда берiледi:

1) әрекет етуге қабiлетсiз/әрекет ету қабiлетi шектеулi кәмелетке толған адамның жеке басын куәландырушы құжат (түпнұсқа);

2) заңды өкiлдiң жеке басын куәландырушы құжат (түпнұсқа);

3) заңды өкiлдiң мәртебесiн растайтын құжат (түпнұсқа).

Мақаланың шыққан күні: 04.11.2019 12:36
Парақтағы соңғы өзгерістер: 04.11.2019 12:36
Қаралым саны: 117

Бейнегалерея

 

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

Пошта мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Шортанды ауданы,Шортанды кентi, Абылайхан көшесi 20, 021600

Аудан әкiмiнiң қабылдау бөлмесi: 8 (71631) 2-12-13

Aудан әкiмi аппаратының басшысы: 8 (71631) 2-11-45

Әдеп жөнiндегi уәкiлi: 8 (71631)2-18-31

Қабылдауға жазылу: 8 (71631) 2-15-18

Электронды пошта мекенжайы: shortandy_kanz@akmo.kz